Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жергілікті кәсіпкерлер сауықтыру орталығын ашып, 25 адамды жұмыспен қамтыды, деп хабарлайды 24.kz.
Қалба тауының етегіндегі Арасан көлінің батпағы ежелден-ақ дертке шипа, денге қуат. Енді оның игілігін халық көре бастады.
Жаз шықса Омбы-Майқапшағай тас жолының бойындағы Арасан көлінің басынан кісі үзілмейді. Алайда бұрын халықтың тынығып демалатын, жүйелі ем алатын жері жоқ болатын. Енді бірнеше үй тұрғызылып, келушілердің сауығып кетуіне жан-жақты жағдай жасалды. Мұның барлығы елдегі кәсіпкерлікке жасалып отырған қамқорлықтың арқасы дейді іскер азаматтар.
Сауықтыру орталығына таяғына сүйеніп келіп, ем алғаннан кейін аяғымен жүріп кеткендер аз емес. Қазір орталық өз еліміз де ғана емес, көршілес Ресейге де таныла бастапты
Болашақта көл маңайында барлық талаптарға жауап беретін жағажай ашу да жоспарда бар. Қазір жобалық құжаттар жасалып, облыстық туризм картасына ұсынылған.