Тарбағатайда өзеннің арғы бетінде қалған адамдар құтқарылды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Оқиға кеше Есім ауылдық округінде болған. Трактордың тіркемесіне мінген адамдар Қарғыба өзені арқылы өтіп, Есім ауылында қаза болған адамның жерлеу рәсіміне бара жатқан. Алайда өзеннің ені 35 метрге дейін ұлғайып кеткендіктен, трактор тереңдігі бір метрден асатын судың ортасында батып қалған. Тіркемеде отырған адамдар өзеннің қатты ағысы мен судың суықтығына қарамастан тіркемеден секіріп түсіп арғы жағалауға жеткен.
"Тұрғындардың кері қайтатын мүмкіндігі болған жоқ. Есім — түкпірде жатқан ауыл, тұратын адамдардың саны да саусақпен санарлық. Олар бізден көмек сұрады, біз оларды бергі жағаға жеткіздік. Киімдері малмандай су және адамдар тоңа бастаған", - дейді Тарбағатай аудандық №59 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Бақытбек Нұрғалиев.
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жүрімділігі жоғары техникалардың көмегімен 25 адамды эвакуациялап, Есім ауылынан 30 шақырым жердегі елдімекенге жеткізді.