ШҚО-да тұрмыстық қалдықтар мәселесі шешілмей тұр

1270

ШҚО-да тұрмыстық қалдықтар мәселесі шешілмей тұр

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мен өңдеуге байланысты көптеген заң бұзушылықтар орын алып жатқанын анықтады. Облыс прокуратурасында өткен ведомствоаралық жедел кеңес отырысында жергілікті органдарға ушығып тұрған қоқыс мәселесін шешудің кешенді жоспарын құру ұсынылып, тапсырылды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 282 орынның 25-інде ғана эмиссиялық рұқсат құжаттары, мемлекеттік экологиялық және санитарлық -эпидемиологиялық сараптама қорытындылары бар. Тұрмыстық қалдықтар ауылдық жерлерде де бей - берекет тасталып, шашылып жатыр. 257 елді мекендердегі ауылдық қоқыс үйінділері тиісті заң талаптары тұрғысында рәсімделмеген, олар жобасыз орналастырылып, жабдықталған. Қоқыстардың қоршаған ортаға әсер етуі бағасы берілмеген. Ауылдардағы қоқыс үйінділерінде қалдықтарды көму технологиясы да орындалмай келеді.

Облыс прокуратурасында өткен кеңесте облыс аумағындағы 25 қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының да экологиялық және санитарлық -эпидемиологиялық талаптарға сай емес екендіктері айтылды. Полигондардың ағынды суларды тазарту және жинақтау жүйелері мен оқшаулау жабындылары жоқ. Нәтижесінде, қалдықтар ыдыраған кезде бөлінетін зиянды заттар, ауыр металдар, химиялық қосындылар мен сынап топыраққа және жер асты суларына кетіп жатыр. Сонымен бірге қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылған полигондарда батарейкалардың қауіпті құрамдас бөліктері, лампалар, дәрі дәрмектер, бояулар, құрамында сынабы бар заттектер, шиналар сияқты қоршаған ортаға, адам өміріне қауіпті, улы заттектер сақталып отыр. Мұндай аса қауіпті қалдықтарды бөлек көму әдістері қолданылмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу