Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауылында су басқан үйлерден 7 адам эвакуацияланды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еріген қар суы мен жерасты сулары ауылдың маңында орналасқан көлдерге қосылып жатыр. Октябрьская, Молдожанов және Гоголь көшелеріндегі үш үй су астында қалып отыр, тағы 59 үйдің ауласына су кірді. Куликовское көлінен суды бұру үшін ауыл арасындағы жолдан ұзындығы 15 метр, тереңдігі 30 см болатын ор қазылды. Мұнда су деңгейі тұрақтанды. Алайда, енді ағын су Қамыш көліне құйып жатыр.
"Суды сағатына 500 текше метрге дейін соруға қабілетті 2 сорғыш мотор-сорғы орнатылды. Жалпы алғанда 144 мың текше метрден астам су сорылды. Жергілікті атқарушы органдардан тиегіш, КамАз және экскаваторлар жұмылдырылды. Алдын алу шаралары бойынша жұмыстар жалғасын тауып жатыр", – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Александр Ломыгин.
Бесқарағайда колледжде, орта мектеп пен балабақшада, барлығы үш эвакуациялық пункт ашылды.