ШҚО-да үш бірдей ет өңдеу зауыты салынады. Олардың екеуінің құрылысы биыл басталады, деп хабарлайды altaynews.kz.
Аягөз ауданында құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Жер кеуіп, күн жылынғанда австралиялық компания ет өңдеу комбинатының құрылысына кірісіп кетпек. Тағы бір кәсіпорын Семей қаласында бой көтереді. Ирандық инвесторлар "Халал" стандарты бойынша жұмыс істейтін зауыт құрылысына 7 млрд теңгедей қаржы жұмсамақ. Құрылыс аяқталғанна кейін мұнда 250 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Екі нысан да 2019 жылы толық қуатта жұмыс істейді деп жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, келесі жылы Көкпекті ауданында да ет өңдеу зауыты салынады. Аталмыш зауыттың құрылысы бір жыл көлемінде жүргізіледі.
Мамандар құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда аталған аудандарда 12 мал бордақылау алаңын құрып, жайылым мәселелерін реттеуге тиіс.