ШҚО-да қолға алынған "Археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту" бағдарламасы 3 жылға ұзартылды, деп хабарлайды 24.kz.
Аталған жобаның алғашқы 3 жылында 19 мыңнан астам артефакт табылды. Әсіресе, биыл Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы қорымынан табылған алтын адамның археологиялық салаға қосқан салмағы зор.
Киімі алтынмен апталған жас жігіттің мүрдесі біздің ғасырымызға дейінгі 7-8 ғасырға тиесілі. Оның үстінен 8 мыңға жуық алтын элемент табылған.
"Ондағы 1 миллиметрлік алтын әшекейлер сол замандағы өндірістің, өңдеу жұмыстарының мықты болғанын дәлелдейді", – дейді мамандар.
Облыста табылған ежелгі шахталар да жер байлығын игерудегі жетістіктердің бір көрінісі.
"Шығыс Қазақстан өңірі Еуразия кеңістігіндегі металлургиялық провинциялардың біріне айналған. Ұлан ауданында Қалайытапқан жері және Жарма ауданында, Асқаралыдан 10-12 шақырымда қола дәуірінің шахталары табылды. Сол шахталардың тереңдігі 10 метрге дейін жетіп жатады", - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев.