ШҚО-да заңсыз алтын өндіріп жатқан шетелдіктер қылмыс үстінде ұсталды

496

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.  

ШҚО-да заңсыз алтын өндіріп жатқан шетелдіктер қылмыс үстінде ұсталды Фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстанда заңды компания атын жамылып, алтын өндірген халықаралық қылмыстық топ құрықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жедел іс-шараларды жүргізу барысында құқыққа қайшы схеманы ұйымдастырушылар мен басшыларын қоса алғанда 63 адам ұсталды. Оның 13-і шет мемлекеттің азаматтары.

Жүргізілген тінту шараларының нәтижесінде бірнеше автокөлік пен арнайы техника, ірі көлемдегі қаражат, оның ішінде 40 мың АҚШ долларынан астам қаржы, құрамында алтыны бар шикізат пен алтын тәркіленді.

Сондай-ақ заңсыз қызметті растайтын құжаттар мен өзге де заттай дәлелдемелер табылды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру нәтижесінде қоршаған ортаға елеулі залал келтірілген. Заңсыз қызмет топырақ жамылғысының бұзылуына, табиғи ландшафттың өзгеруіне, жердің бүлінуіне және өңірдің экожүйесіне өзге де теріс әсерлердің туындауына әкеп соққан.

"Келтірілген экологиялық залалдың мөлшері тағайындалған сараптамалар шеңберінде анықталуда. Бағалы металдардың заңсыз айналымы фактісі, сондай-ақ қылмыстық заңнаманың өзге де баптары, оның ішінде қоршаған ортаға зиян келтіруге байланысты құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Олардың түпкілікті құқықтық саралануы тергеп-тексеру нәтижелері бойынша берілетін болады.

Қазіргі уақытта жасалған қылмыстың барлық мән-жайларын анықтауға, заңсыз схеманың өзге де қатысушыларын әшкерелеуге, сондай-ақ құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық адамдарды заңда белгіленген жауаптылыққа тартуға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу