Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы 91 жер пайдаланушының келісімшарт талаптарын орындамай отырғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі кезде облыс аумағында 284 жер қойнауын пайдалану нысандары бар. Олардың 145 жалпы таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысады. Тексеру кезінде қиыршық тас, ірі құмның заңсыз өндірілетіні белгілі болды. Облыс прокурорлары Өскемен қаласында 9 карьер, Семей қаласында 6 қарьерді анықтады.
Барлау және өндіруге келісімшарттары бар 101 кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығын рәсімдеу үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш білдірмеген.
Өскемен қаласында 2013 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін "бұзылған жерлердің алаңы туралы мәліметтер" бағанында тек - 787 га деп көрсетілген. Сонымен қатар, қала аумағындағы заңсыз карьерлердің саны өсуде, яғни, бұзылған жерлердің алаңы артуда. Сондай-ақ, осы жылдары 91 жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын бұзған.
"Атап өту қажет, жер қойнауын пайдалану саласында қылмыстық істердің қаралуы барынша азайды, соңғы үш жылда сотқа небәрі 2 іс жолданған. Осыған байланысты, облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша ШҚО-ның ІІД, экология департаментімен бірлесіп қылмыстық істерді зерделеу әдісін әзірлеуде. Сондай-ақ, маркшейдер және геодезиялық жұмыстарын жүргізу үшін жабдықтарды сатып алу мәселесі шешілуде, жер қойнауын заңсыз өндіретін кәсіпорындардың тізімі қалыптастырылуда", -делінген Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Тексеру қорытындылары бойынша, 12 жер қойнауын пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үстіне кәсіпорындар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бюджетке 45 млн теңгеден астам қаражат аударды. Қазіргі кезде өндіру жұмыстары жалғасуда.