Шығыс Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаймай тұр. Соңғы үш жылда облыста 123 бала суицид жасауға әрекет етсе, оның 23 фактісі қайғылы жағдаймен аяқталған.
Осы жылдың 5 айында 11 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болса, 3 кәмілеттік жасқа толмаған баланың өмірі қиылған.
"Бұл мәселеге кәмелеттік жасқа толмағандар арасында суицидтің алдын алу бойынша мемлекеттік органдар мен полицияның жұмысының жеткіліксіздігі де себеп болуы мүмкін. Олар балалар мен жасөспірімдер арасында суицидті насихаттайтын немесе сондай белгілері бар сайттарды анықтап, оқушыларға баса назар аударулары керек", – дейді облыстық прокуратура мамандары.
Мамандар суицид жасаудың бірнеше себептерін анықтап берді. Көбінесе, отбасымен жанжалдасу, жауапсыз махаббат, ешкімге айтпайтын проблемалар балаларға әсер ететін көрінеді.
"Мектептерде де штаттық психологтар жетіспейді. Болған күннің өзінде олар формалды сипатқа ие жұмыстар жүргізеді. Қолданыстағы әдістемелері жетілдіру керек", – дейді ШҚО прокуратурасы.
Таунар Қайратұлы