Шығыс Қазақстанның облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта аймақтағы 6 жеке үй мен 25 ауланы су басқан, деп хабарлайды egemen.kz.
Өскеменде 4 үй мен 14 учаскені, Аягөз ауданында 2 үй мен 6 учаскені, Ұлан ауданында 5 аула аумағы жаңбыр мен еріген қар суының астында қалған. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар департаментінің 186 қызметкері, 46 техникасы мен 17 су сору құрылғысы тілсіз жаумен күрес жүргізуде. Үйлер мен аулалардағы суды сору, құм төгу, бекіту жұмыстары қолға алынуда. Зардап шеккен ешкім жоқ. Ұлан ауданы аумағынан өтетін "Өскемен-Алматы" бағытындағы республикалық маңыздағы жолдың 2 учаскесінде қар суы жол үстіне жайылып кеткен. Қазіргі уақытта "Қазақавтожол" мекемесінің қызметкерлері жолды бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыс орталығы – Өскеменде тұрғын үйлердің аулалары мен жеке меншік үйлерді су басумен қатар қаланың орталық көшелері де көлкіген қар суының астында қалған. Шаһар шетіндегі Красина, Бабкина мельница, Кемежай, Аблакетка кенттерінің тұрғындары тілсіз жаумен түні бойы арпалысқандарын айтып, шағымдануда.
"Суғаралар дұрыс жұмыс істемейді. Ауа-райының болжамынан барлығы хабардар, соның салдарына дайын болу керек емес пе? Жылда осы", - дейді ашуға мінген Красина кентінің тұрғындары.
Өскемен қаласының ТЖБ баспасөз қызметінің маманы Марина Лискова бір түнде 300-ге жуық қоңырау шалынғанын, құтқару жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Бәрін біліп отырмыз. Түні бойы тұрғындардан хабарламалар түсіп жатыр, қызметкерлер жұмыс істеуде. Көмек қажет болса, екі желі ашық тұр. Өскемендіктер 138 телефонына, облыс тұрғындары 112 нөміріне хабарласа алады", - дейді ол.