Ұлан ауданының Тайынты асуында жел электр станциясы салынады. Ұлан ауданын толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы стансаның құрылысы биылғы жылдың екінші жартыжылдығында басталады, деп хабарлайды baq.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмат Арсламбаев мәлімдеді.
Айта кетейік, станцияның жоспары 2013 жылы жасалған. Барлық жобалық-сметалық құжат әзірленіп, инвестор да табылған. Дегенмен, жоба басшысы мен инвестор электр қуатының бағасына келісе алмай, жобаның мерзімі ұзартылады.
"Қазірге дейін Тайынты асуында қажетті зерттеу жұмысы жүргізіліп, жоба аяқталды. Енді келесі жартыжылдықтан бастап жаңа станцияның құрылысы басталады. Қуаты 24 МВт станция Ұлан ауданын толықтай электр қуатымен қамтамасыз етіп, қалған қуат республикалық жалпы желіге жіберіледі", – дейді Алмат Арсламбаев.