Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Таврия ауылында полицейлер, құтқарушылар, еріктілер және жанашыр тұрғындар түні бойы 3 жасар баланы іздестірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Баланың әкесі ұлы Әділхан Сейсембайдың жоғалып кеткені туралы полицияға арызданған.
Айтуынша, бала әдеттегідей аулаға шыққан, бірақ біраз уақыттан кейін жоғалып кеткен.
Қазіргі уақытта ауқымды іздестіру операциясы жүргізіліп, ауыл аумағы 16 секторға бөлінген. Барлығы 621 адам (полицейлер, ұлттық ұланның әскери қызметшілері, атты полиция, әкімдік, ТЖД қызметкерлері, еріктілер) жұмылдырылды.
Бұдан басқа, квадрокоптерлер мен тікұшақ арқылы да іздеу жүріп жатыр.
Баланың белгілері: бойы 90-100 см, дене бітімі – арық, шашы – қара, түзу, көздері қоңыр. Жасыл түсті футболка, ақ-көк түсті қалпақ, жасыл түсті шорты, қара-көк түсті кроссовка киген.
Полицейлер жоғалған баланың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, 102 жедел арнасына хабарласуды сұрайды.