Шығыс Қазақстанда Күршім ауданы мен Самар ауданын жалғайтын "Қызыл ту" өткелінде паром жағаға жете алмай, қайыраңдап қалған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Паромда жолаушылар мен көліктер болған. Күндізгі сағат 10:00 шамасынан, кешкі 19:00-ге дейін тұрған. Аталған мәселені қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыппаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
9 қазан күні Күршім мен Самар ауданында төтенше жағдай орын алды. Өткелдегі паром Күршім жағалауынан Самар ауданына өтетін жағаға қарай бет алған. Жел екпінінің салдарынан толқын пайда болған. Самар ауданына өтетін жағаға келіп, жағалаудың суының деңгейі төмендеп, паром жағаға 20 метр жетпей құм-қайраңға батып қалған. Күндізгі сағат 10:00 шамасында батқан паромды үстіндегі жолаушылар мен көліктерді кешкі сағат 19:00 ғана құтқарушылар мен ауыр техникалар көмегімен жағаға шығарып алды, - деп жазды Еркебұлан Зағыппаров.
Оның айтуынша, паромдағы жолаушыларға ешқандай көмек көрсетілмепті.
Аталған жағдайға байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ешқандай шақырту түспегенін және көмектің де қажет емес екендігін айтуда. Ал, облыстың жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ақпарат беруден бас тартты.
Таунар Қайратұлы