Өскеменде жылына 120 мың автокөлік шығаратын автозауыттың құрылысы жүріп жатыр. Қазақстандағы "КазАвтоПром" автокөлік саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алферовтың айтуынша, Өскемендегі жаңа зауыт еліміздің машина құрастыру саласындағы ең ірі жоба. Бұл туралы altaynews.kz хабарлайды.
Толық циклді автозауытты "Бипэк АВТО-Азия Авто" холдингі "Бизнестің жол картасы" аясында салып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі де айырықша қолдау көрсетіп отырған автозауыт құрылысы жобасы бойынша өндірістің өнеркәсіптік алаңында автокөлік бөлшектерін өндіретін технопарк те ашылмақ. Зауытта 12 мың жұмыс орыны ашылады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы "КазАвтоПром" автокөлік саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алферов құрылыстың ағымдағы кезеңінде жобаны іске асыруға инвестордың 60 млн доллардан астам жеке қаржысы салынғанын айтты.
"Қазіргі күні электрмен қамту, жол, сумен қамту нысандары, темір жол тармақтары сияқты маңызды инфрақұрылымдар мен тұтыну, қамту инфрақұрылымдарының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа өндіріс болашақта республиканың жалпы ішкі өнімін 1 миллиардтан астам АҚШ долларына көбейтеді. Бұл Қазақстанның машина құрастыру тарихындағы ең ірі жоба болады", - деді Олег Алферов.
Жаңа зауытта "Lada", Альянс "Renaut Nissan" платформасындағы жаңа үлгілерді шығаруға басымдық берілмек.