ШҚО-да болған ірі орман өртінің зардабы толық есептелді. Оқиға орнында жұмыс істеген арнайы комиссия жұмысын аяқтап, келген шығын 78 миллион теңге екені мәлім болды. Бұл туралы "Семей Орманы" мемлекеттік табиғи орман резерватынан хабарлады, деп жазады 24.kz.
Мамандар қызыл жалын резерватқа қарасты жердің 260 гектарына жайылғанын анықтапты. Оның ішінде қарағайлы аумақ - 218 гектар.
Қазір орманшылар жанған жерлерді санитарлық тазартуға дайындап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, орман өрті 21 мамыр күні Семейдің іргесінде тұтанып, бірнеше күн жанған болатын. Тілсіз жаумен күреске 300-ден астам адам, 70-тен астам техника жұмылдырылды.
"Қазір өрттің орнында арнайы топтар жұмыс істеп жатыр. Олар жанған ағаштарды тазалап кесуге дайындайды. Ал өртенген қарағайлар нарыққа шығарылып, келген шығын сол қаражаттың есебінен өтелетін болады. Әзірге тілсіз жаудың неден шыққаны әлі нақтыланып жатыр. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Тергеу жалғасуда", - дейді "Семей Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының бөлімше директоры Ринат Бастамиев.