ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт ұлттық парктің Ақсу филиалына қарасты Ақсу орманшылығы аумағында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандардың сөзінше, өртті ауыздықтау жұмыстары күрделі табиғи жағдайда жүргізілген.
Өрт ошағы теңіз деңгейінен 1400 метрден жоғары биіктіктегі таулы аймақта орналасқан. Жер бедерінің тік болуы, жол қатынасының жоқтығы және жақын маңда су көзінің болмауы өрт сөндірушілердің жұмысын айтарлықтай қиындатқан. Ал жалын ошағына ең жақын орналасқан су айдыны – Маралды көлі шамамен 30 шақырым жерде болған.
Табиғи апатты жоюға төтенше жағдайлар қызметкерлері, орман шаруашылығы мамандары, ұлттық парк ұжымы, "Қазавиаорманқорғау" мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ ТЖМ авиациясы мен облыс әкімдігінің әуе техникасы жұмылдырылды.
Өрт аймағына облыс әкімдігінің тікұшағы арқылы 45 десантшы жеткізілген. Әуе кемесі сегіз мәрте су шашып, Ақ өзені маңындағы жалынның таралуына тосқауыл қойған.
ШҚО әкімдігі авиациясының Ми-8 тікұшағы экипажының екінші ұшқышы Владимир Ларионовтың айтуынша, таулы аймақтағы операция аса жоғары дәлдік пен кәсіби шеберлікті талап еткен.
Сонымен қатар, өрт сөндіру жұмыстарына басқа да әуе техникалары тартылды. Атап айтқанда, "Қазавиақұтқару" АҚ-ның ЕС-145 тікұшағы төрт рет әуеден су төксе, Семей қаласынан келген Ми-8 тікұшағы қосымша су жеткізіп, мамандар мен қажетті күштерді тасымалдауға қатысқан.
Жалпы алғанда, тікұшақтар өрт аумағына 14 рет су төгіп, 27 мың литрден астам су шашқан. Бұған қоса, өңірдегі табиғи су көздерінің шалғай орналасуына байланысты авиация арқылы қосымша 8 тонна су жеткізілген.
Жедел қызметтердің бірлескен әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрт 3,7 гектар аумақта тоқтатылды. Қазір мамандар аумақты бақылауда ұстап, бықсып жатқан жерлерді толық сөндіру және өрттің қайта тұтануына жол бермеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.