ШҚО диқандары 20 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтылады

494

Биыл өңірдегі егіс алқабы 653 мың гектарды құрайды деп болжануда.

ШҚО диқандары 20 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтылады Фото: Turkystan.kz

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны басталған сәттен бастап, аудандарда жанар-жағармай тапшылығы орын алатыны белгілі. Бұл жылдағы қалыптасқан үрдіс десек те болады. Осындай олқылықтардың орын алмауы үшін биыл шаруалар 20 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтылатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Шығыс Қазақстанға қарасты аудандардың басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады. Осыған орай облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, биыл өңірдегі егіс алқабы 653 мың гектарды құрайды деп болжануда. Дәнді және бұршақты дақылдар - 285 мың гектарға, майлы дақылдар - 214 мың гектарға, жемшөп дақылдары - 135 мың гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары - 19 мың гектарға егіледі.

- Бүгінде қажетті техника көктемгі егіс жұмыстарына 98% дайын. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа Павлодар мұнай өңдеу зауытынан литріне 186 теңге босату бағасымен 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, топырақтың құнарын арттыру үшін 25 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.

- Көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін шаруаларға 4 млрд теңгеден астам субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау көзделген. Бұдан бөлек, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге "Аграрлық несие корпорациясы"АҚ арқылы 8 млрд теңге мөлшерінде несие, оның ішінде "Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 млрд теңге беру жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу