Биыл Шығыс Қазақстан облысының диқандары жақсы өнім жинап, жоғары көрсеткішке ие болды. Шаруа қожалықтары астықты шығынсыз жинап алды.
Жалпы жиналған өнім 1 млн тоннадан асады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артық.
"Зайсан, Шемонаиха, Глубокое аудандарында астық жинау көрсеткіштері белгіленген межеден асып түсіп, гектарынан 20 центнер өнім жиналды. Жергілікті шаруа қожалықтары озық технология тәсілдерін қолданудың арқасында осындай нәтижеге қол жеткізді", – деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Астық жинау науқанының қорытындысы бойынша шаруа қожалықтары ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз еткендігі белгілі болып отыр. Артығы көрші елдерге сатылымға шығарылмақ. Алдын ала болжам бойынша биыл бидайдың бір тоннасы 40 мың теңге шамасында саудаланады.
Baq.kz