Жаңа оқу бағдарламасымен оқитын шығысқазақстандық сыныптар үшін 1,5 миллионға жуық оқулыққа тапсырыс берілген, деп хабарлайды altaynews.kz. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап өңірдегі 3, 6, 8-сыныптар жаңа оқу бағдарламасына көшеді. 1 481 133 дана оқулық қатталып дайын тұр.
Естеріңізде болса, министр Ерлан Сағадиев еліміздегі бірқатар өңір жаңа оқу жылында оқулықсыз қалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда бұл мәселенің шығыс өңіріне қатысы жоқ. Облыстық білім басқармасы аудандарға кітап жеткізу жұмысы әлдеқашан басталып кеткенін айтып отыр. 15 тамызға дейін облыстың барлық мектебі қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, басқармадағылар жұмыс дәптерлері бекітілген оқулықтар тізіміне кірмейтінін айтты. Олар тек көмекші материал болғандықтан, сатып алу міндетті емес.