Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы орман өрті бір күннен кейін оқшауланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт 26 маусым күні сағат 17.30 шамасында Ұлан ауданы Асубұлақ орман шаруашылығындағы Приморск орманшылығында шыққан.
Тілсіз жау шөп пен бұталарды шарпыды. Өртті сөндіру үшін Шығыс Қазақстан облысы авиациялық бөлімшесінің МИ-8 тікұшағымен орманшылар десанты және су жеткізілді. Жартасты жер болған соң жалынмен күресу қиынға соқты.
"Арқаға аспалы өрт сөндіргішті көтеріп, жұмыс істеуге тура келді. Оның салмағы шамамен 20 келі. Оған қоса түтін ауа жұтқызбайды. Құтқарушылар мен орманшылар өз өмірлерін үнемі қатерге тігіп, осылай жартастан жартасқа секіріп, бар күшін салады. Олардың бірлескен іс-қимылының арқасында өрт оқшауланды", - дейді облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Болат Нұрдыбаев.
27 маусым күні сағат 16.00-де оттың беті қайтты. Алайда, қызыл жалын толық өшірілгенге дейін ТЖД өрт сөндірушілері және орманшылардан 55 адам мен 8 техника сол жерде жұмыс істейді.