Шығыс Қазақстанның еңбек инспекторлары 2022 жылдың 7 айында 265 ұйымды тексеріп, 1 301 бұзушылықты анықтаған.
Өткен жылдың осындай кезеңінде бұзушылықтар саны (856) айтарлықтай аз болды. Ескертулердің басым бөлігі еңбек қатынастарымен байланысты. Жыл басынан бері 754 дерек анықталса, 2021 жылдың ұқсас кезеңінде 522 дерек болған, деп жазады inbusiness.kz.
2022 жылы кәсіпорындардағы 544 бұзушылық еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерімен байланысты болған. Өткен жылы еңбек инспекторлары мұндай 322 бұзушылықты анықтады. Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша осы жылы 3 бұзушылық, ал 2021 жылы 12 бұзушылық тіркелген.
Инспекторлар биыл заң бұзушылықтарды жою туралы 148 ұйғарым берген. Жалпы көлемі 25,9 млрд теңгеден асатын 164 әкімшілік айыппұл салынды. 2021 жылдың ұқсас кезеңінде 17,3 млрд теңгеден астам сомаға 114 айыппұл салынған.
Айта кету керек, биыл өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны азайған. Жыл басынан бері зардап шегушілер саны 95-ке жеткен. Соның ішінде 16 дерек осы шілдеде тіркелді. 2021 жылдың 7 айы бойынша өндірісте 110 адам жарақат алды. Биыл кәсіпорындарда 8 жұмысшы қаза тапса, былтыр жазатайым оқиға салдарынан 14 адам көз жұмған.
"ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасында" жыл басынан бері барлығы 929 шағым қаралған. Оның ішінде 910-ы еңбек қатынастарымен, ал 19-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға байланысты болған. 2021 жылдың 7 айында 971 шағым қаралып, оның 936-сы еңбек қатынастарына қатысты болды.