Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупі сақталады, деп хабарлайды inbusiness.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Басқарма мәліметінше, 13-18 желтоқсан аралығында өңірдегі таулы аудандарда қар көшкіні жүру қаупі бар.
"Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, қардың толастамай жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы аудандарында қар көшкіні жүруі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға барынша абай болуды, тауға шықпауды ескертеміз. Қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар, бірден 112 нөміріне хабарласыңыздар", - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар шығысқазақстандықтарға алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы тексеруге кеңес берді.