"Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасымен субсидияланып, кепілдеме алған шағын және орта бизнес кәсіпорындары 2013-2016 жылдар аралығында 40 мыңға тарта жаңа жұмыс орнын ашты. 2016 жылы олар 2,6 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл 2013 жылмен (1,1 млрд тенге) салыстырғанда 50%-ға артық. "Даму" қорының қолдауын алған кәсіпорындар 2016 жылы бюджетке 182,8 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2013 жылмен (91,9 млрд тенге) салыстырғанда екі есе артық, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
"2016 жылы кәсіпкерлер республикалық бюджет есебінен 31,8 млрд теңге субсидия алған. Ал олардың төлеген салығы 182,8 млрд теңгеге жетті. Яғни 1 теңге субсидия бюджетке 5 теңге салық болып қайтқан. Бұл – "Даму" қоры жүзеге асырып отырған субсидиялау құралының тиімділігін көрсетеді. Субсидия арқылы кәсіпкер несиесінің пайыздық салмағын жеңілдетіп, кәсіпорынның дамуына қаржы құя алды", – дейді қордың субсидиялау департаментінің директоры Тоғжан Алмантаева.
Банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда "Даму" қорының кепілдігін алған жобалар саны 2016 жылы 951-ге жетті. Ал 2013 жылы тек 148 жоба болған еді. 2016 жылы берілген кепілдеме саны 12 млрд теңгеге жетті.
"Кепілдікті пайдаланушылар қатары көбейіп жатыр. Кәсіпкерлер банкке қояр кепілдігі болмай немесе оның көлемі жеткіліксіз болып қала ма, құжат жинауға қанша уақыт кетеді деп бас қатырмай-ақ кәсіп ашып, бизнесін дамытуы үшін біз бұл құралды жетілдіруді ойлап отырмыз. Әсіресе ауылды жерде өзекті. Себебі онда банк филиалдары алшақ орналасқан немесе кепілзат ретінде зәулім ғимарат, қомақты дүние қоюды талап етеді", – дейді кепілдендіру департаментінің директоры Нұрым Мұсаев.
Бүгінгі күні 2 797 кепілдік шартына қол қойылған. Берілген кепілдеменің жалпы құны 42,5 млрд теңгеге жетіп отыр.