ШОБ нысандары несие төлемін қыркүйекке шегере алады

630

Мәдина Әбілқасымова саланы қолдаудың жаңа тәртібін таныстырды.

ШОБ нысандары несие төлемін қыркүйекке шегере алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Үкіметтің бүгінгі отырысында төтенше жағдай кезеңінде қаржылық қиындықтарға тап болған халық пен бизнеске көрсетілген қолдау шаралыран тоқталды.  

Оның сөзіне қарағанда, 16 наурыз-15 маусым аралығында 1 890 443 адамның 268 млрд теңге болатын төлемдері кейінге қалдырылған.

Кредитті қайта құрылымдауға 12 455 шағын  және орта бизнес нысаны өтініш жасап, 165 млрд теңгенің берешегі қайта құрылымдалған.

Агенттік төрағасының айтуынша, ШОБ қайта құрылымдалған кредиттің 34%-ы  саудаға, 11%-ы сұлулық салондарына, химиялық тазалауға, шаштараз қызметтеріне, 5%-ы көлік пен қоймаға, 4%-ы қоғамдық тамақтануға, 3%-ы туризмге, 1%-ы қонақ үй саласына берілген. 

"Агенттік екінші деңгейдегі банктермен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп ШОБ субъектілеріне қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыруда. Ол үшін 2020 жылғы 15 маусымда Шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша қолдау шараларын көрсетудің жаңа тәртібі бекітілді",  деді Мәдина Әбілқасымова. 

Жаңа тәртіп бойынша 16 маусым мен 15 қыркүйек аралығында ШОБ нысаны қосымша қолдау шараларын алу үшін банк пен микроқаржылық ұйымның біріне өтініш бере алады. Оны кредиттік ұйым 20 күннің ішінде қарап, жауабын беруі керек.

Кредиттік ұйымдар қолдау көрсетудің екі бағытын ұсынады. Оның бірі  – қаржылық қиындыққа тап болған қарыз алушының кредит төлемдерін 90 күнге кейін қалдыру. Ол үшін кредитті өтеудің жаңа кестесін жасалады.

Екіншісі – мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі жеңілдіктермен қайта қаржыландыру. 

"Бұл мүмкіндікті барлық ШОБ  нысандары, оның ішінде төлеу мерзімі кейінге қалдырылған субъектілер де пайдалана алады", – деді агенттік төрағасы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу