Шойгу Ресей елімізді қосып алады деген қауесетті "қиялға" теңеді

1088

Министр Қазақстан мен Ресей шекара туралы шартқа қол қойғанын атап өтті.

Шойгу Ресей елімізді қосып алады деген қауесетті "қиялға" теңеді

Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей Федерациясы Қазақстанды қосып алғысы келеді деген қауесетті қиялға теңеді,деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

"Қиялдамай, шынайы өмірге оралайықшы...Ия, көп нәрсені талқылауға болады, бірақ біздер өзара бауырластық қарым-қатынасты орната білдік. Таласатындай ештеңе де, оған түрткі болатындай себеп те жоқ...Біз шекараны 1998 жылы толықтай демаркациялаған едік", – деді ведомство басшысы.

Министр сондай-ақ Қазақстан мен Ресей шекара туралы шартқа қол қойғанын және қос ел арасындағы қарым-қатынастың "тамаша" екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін РФ-ның Мемлекеттік думасының депутаты әрі елдегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Евгений Федоров Ресей мен Қазақстанның қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайтынын "Голос Отечества" деп аталатын Youtube каналында жариялаған еді.

"Біз біртұтас мемлекетті қалпына келтіруді қолдаймыз. Яғни  қазақстандықтарды біздің халық ретінде қарастырамыз", – деді Федоров тікелей эфирде.

10 желтоқсанда Ресейдің "Первый канал" деп аталатын арнасының эфиріне шыққан "Большая игра" бағдарламасында Ресей Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, саясаттанушы әрі тарихшы Вячеслав Никонов: "Қазақстан бұрын болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлде халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын.  Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы", – деген еді.

Біздің Сыртқы істер министрлігіміз сол бойда Ресей тарабына дипломатиялық нота жолдады. Ведомство басшысының орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты түсініспеушілігін білдірді.

Табиғат Нұрболат

Фото: mk.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу