Түркістанға Түркия вице-президенті Фуат Октай келген кеште түсірілген видео желіде тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Интернетте тараған әуесқой кадрларда Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен кездесуде болған қолайсыз жағдай түсіп қалған. Онда құрметті қонақтың қасында тұрған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шапан киіп жатқанын көруге болады. Ал бұл видео жайында желі қолданушылары "қонаққа кигізетін шапанды Шөкеев өзі киіп алды" деп шуласты. Осыған байланысты түсінік берген Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ баспасөз қызметі бұл шапанның негізі Шөкеевке кигізілген шапан екендігін айтады.
"Түркия Республикасының вице-президентіне білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін "Құрметті профессор" академиялық атағы берілді. Ал Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке шапан ұсынды", – делінген оқу орнының баспасөз қызметі берген мәліметте.