Шөкеев салған жағажай жіті тексеріледі

3595

Түркістанда Шөкеев салған жағажайға байланысты тексеру тағайындалуы мүмкін.

Шөкеев салған жағажай жіті тексеріледі Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Дархан Сатыбалды құрылысына 9 млрд теңге жұмсалып, бүгінде жарамсыз күйге түскен "Шаға" жағажайына байланысты қойылған сұраққа жауап беру кезінде алдымен оны салу ісінің әлі толық аяқталмағанын, алғашқы кезеңдерде кемшіліктер болғанын ашып айтты. Сонымен қатар, қаржы тапшылығына байланысты қазір қаржыландырудың тоқтап тұрғанын жеткізді.

Еске салсақ, былтыр дүркіреп тұрып ашылған жағажайдың бүгінде аянышты халге түскені туралы жақында ғана әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.

"Кемшіліктерді көріп мердігерге кемшіліктерді жою бойынша ұсыныс бердік. Егер олар бермейтін болса біз ертеңгі күні сотқа береміз олардың үстінен шара көреміз. Ол жоба бойынша тексеру жүргіземіз, оны тиісті құзырлы орындарға береміз", - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ брифингте мақташы қауымның мәселесі мен өңірдегі өзекті саналатын ауызсу һәм медицина жайы да сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, мақтаның бағасына қатысты мәселе жақын арада шешілмейді. Өйткені, шеттегі сатып алушыларға жергілікті биліктің сөзі өтпейді, ал өзімізде терең өңдеуге әлі мүмкіндік жоқ. Статистикаға сүйенсек, соңғы уақытта өңірде жерасты суы төмендеп кеткен. Салдарынан, қазір 100-ден астам ауыл халқы тіршілік нәрінен тарығып отыр. Тіпті кей елдімекендерде құбыр суымен қамту жұмыстары нәтижесіз аяқталған.

"Бірнеше жылдан бері біз байқап отырмыз жер асты суы төмендеп кетіп жатыр. Бізде Түркістан қаласының өзінде бұрын 50-60 метрден ұңғыма қазып суды алатын болсақ, қазір 300 метрге дейін төмендеп кетті. Ең үлкен проблема бізде 25-26 елдімекенге жуық ол Сарыағашпен Келес аудандарында ауызсу тапшы", - деді облысы әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу