Шомылуға арналған 81 орынның меншік иесі анықталып жатыр

991

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов су айдындарындағы қайғылы жағдайдың алдын алу жұмысы жалғасып жатқанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Шомылуға арналған 81 орынның меншік иесі анықталып жатыр

"25 шілдедегі жағдай бойынша елімізде шомылуға рұқсат етілген 515 орын, оның ішінде 131 коммуналдық, 303 жеке жағажай бар. 81 орын бойынша меншік иесі анықталып жатыр. Биыл шомылуға рұқсат етілген орын 2020 жылмен салыстырғанда 70 орынға артық. Әкімдіктер қосымша 43 коммуналдық жағажай, кәсіпкерлер жабдықталған 33 жағажай құрды. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен су айдындарындағы қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша халықтың барлық тобымен 
профилактикалық жұмыс жүргізілуде", – деді Бауыржан Сыздықов.

Комитет төрағасының айтуынша, осыған дейін 258 брифинг өткізіліп, телеарналар мен радиоларға 4 107 рет пікір білдірілді. Газеттер мен журналдарда 1 283 мақала жарияланып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде су айдындарындағы сақтық шараларына қатысты 150 бейнеролик орналастырылды. 

"Халық арасында 480 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі: парақшалар, жадынамалар, бүктемелер таратылып, су айдындарына 5 504 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Шомылу маусымы басталғаннан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша әуежайларда 16 618 және теміржол вокзалдарында 16 076 бейнеролик көрсетілді", – деді Бауыржан Сыздықов. 

Комитет төрағасының сөзінше, "2 GIS" картографиялық платформасына еліміздің барлық өңірлеріндегі су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындар туралы дерек енгізілді. Әкімдіктердің сайттарында да осындай жұмыс атқарылды. 

"Жұмыс істеп тұрған кинотеатрларда фильмнің алдында профилактикалық ролик көрсетіледі. Бүгінге дейін еліміздің 59 кинотеатрында шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздікке қатысты 10 мыңнан астам ролик қойылды. 
Халықтың қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқушылармен 954 интерактивті сабақ және 85 мыңнан астам адамды қамтыған 2 457 жиын ұйымдастырылды", – деді Бауыржан Сыздықов.

Оның мәлімдеуінше, қаладағы жағажайларда балалардың шомылуына арналған қауіпсіз орын әзірленді. Құтқарушылар 4 625 баланы жүзу дағдысына үйретті.
"Нұр-Сұлтан қаласында,, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында балаларды стационарлық бассейндерде тегін  оқытылды. Бұл үшін 42 қаңқалы-модульдік бассейн сатып алынды", – деді Бауыржан Сыздықов.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу