Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданының 26 жастағы тұрғыны сотқа өзінің туу дерегін заң жүзінде ресми растау туралы өтінішпен жүгінген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, талап қоюшы 1998 жылдың 6 ақпанында шопандар отбасында дүниеге келгенін көрсеткен. Анасы оны үйде босанған, сондықтан дәрігерге жүгінбеген әрі туу туралы куәлік алмаған. Медициналық мекемеде босанбағандықтан, оған АХАЖ органдарынан тіркеу жүргізілмеген және ешқашан құжаты толтырылмаған.
"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-ы медициналық ұйымнан туу туралы құжаттың болмауына байланысты тіркеуден бас тартылған, өтініш иесі туу туралы фактіні тек сот шешімімен ғана анықтай алатыны атап көрсетілген. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 187-бабының 1-бөлігіне сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болады. Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөніндегі комиссия құрып, оның жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді", деп – делінген хабарламада.
Сотта арыз берушінің туу фактісін растайтын дәлелдемелер, оның ішінде профилактикалық екпелердің медициналық картасы, мектептен анықтама, ауылдық округ әкімі аппаратының үй шаруашылық есепке алу дәптерінің мәліметтері көрсетілген хаты қаралды.
Бұдан бөлек сотта арыз иесінің туу фактісін растаған куәлерден, сондай-ақ босану кезінде қатысқан адамдардан жауап алынған.
"Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің туу фактісін растады, бұл оған қоғамдық және құқықтық өмірге толық қатысуға мүмкіндік береді. Шешім заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады Жоғарғы сот.