Шри-Ланка билігі президент Готабая Раджапакса елден кеткеннен кейін төтенше жағдай режимін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Президент елден кетіп қалғандықтан, жағдайды реттеу үшін төтенше жағдай режимі жарияланды", – деді министрлер кабинеті басшысының баспасөз хатшысы Динук Коломбаж.
Сонымен қатар жергілікті билік Батыс провинцияда коменданттық сағат енгізілгенін мәлімдеді.
Бұған дейін ел президенті Готабая Раджапакса жаппай наразылық шарасы кезінде Мальдивке қашып кеткені белгілі болды. Енді жаңа президентті сайлау 20 шілдеде өткізілмек.
9 шілдеде мыңдаған адам Шри-Ланка астанасы Коломбо көшелеріне шығып президент Готабая Раджапаксаның отставкаға кетуін талап еткен болатын. Ереуіл кезінде кем дегенде 40 адам зардап шекті. Бас көтергендер қоршауды бұзып, оның резиденциясының аумағына баса-көктеп кірген. Раджапакса қашуға мәжбүр болды. Ол 13 шілдеде отставкаға кететінін мәлім етті.
Табиғат Нұрболат
Фото: afp.com