Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімнің сайтына сілтеме жасап.
Облыс жерүсті су ресурстарының шамамен 80 пайызын трансшекаралық Шу мен Талас өзендерінен алады. "Қазсушар" РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, қолданыстағы бұл екі өзендегі су бөлу ережесі жылда бұзылып келеді. Орташа есеппен Шу өзенінен 150 миллион текше метр су (40 пайыз) және Талас өзенінен 100 миллион текше метр су (17 пайыз) кем түсуде.
Суармалы су тапшылығы мәселесін шешу үшін су шаруашылығы нысандарын тазарту, бетондау және жаңғырту бойынша кешенді және ауқымды жұмыстар жүргізілуде екен. 3 су қоймасын салу жоспарланған. Қордай ауданында Ырғайты, Қалғұты, Байзақ ауданында Ақмола су қоймаларының құрылысы жүзеге асады. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазыбек Бедебаев жаңа су қоймалары 34,5 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етеді деп сендірді. Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарындағы су шаруашылығы нысандары қайта жаңғыртылуда.