Осымен екінші мәрте қолға алынған бастама "Шұбаркөл Көмір" АҚ жұмысшыларына арналған. Кеншілер алғашқы жарна ретінде бар болғаны үй құнының 10 пайызын төлеп, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен ипотека рәсімдей алады.
Осы үшжақты меморандум нәтижесінде "Шұбаркөл көмір" кеншілеріне жеңілдетілген несиемен келесі жылы баспана беріледі. Осы мақсатта Қарағанды облысының әкімдігі, ERG компаниясы және Отбасы банк 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Бұл қолдаудың арқасында баспанаға мұқтаж жұмысшылар үйлі болады.
"Біз 300 млн теңге бөлеміз. Әкімдік пен ERG корпорациясы әрқайсысы 400 млн теңге қосады. Сол қаражатқа мекеме жұмысшыларына жеңілдетілген шарттармен несие береміз. Кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме небәрі бес-ақ пайыз ғана болады. Алғашқы жарна көлемі де қол жетімді, баспана құнының 10 пайызына тең болады", дейді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
ERG компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Данияр Рахматуллаевтың айтуынша, бағдарлама "Шұбаркөл көмір" кәсіпорнында пилоттық жоба ретінде басталмақ. Келер жылдың бірінші жарты жылдығында компанияда жұмыс істейтін 60 отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады. Қатысушыларды іріктеу комиссиясы таңдайды.
"Әрине, біз алдымен баспанасы жоқ жұмысшыларға қолдау көрсетеміз. Үміткерлерді комиссия отырысы анықтайтын болады. Көпбалалы және жас отбасылар да осы санатқа ілігеді. Іріктеу барысында біздің тарапымыздан да бақылау жүргізіледі", дейді "ERG" компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Рахматуллаев.
Айта кетейік, дәл осындай жоба жетістінін өткен жылы "АрселорМиттал" компаниясының кеншілері көрген. Ал, биыл "Шұбаркөл көмір" АҚ жұмысшыларына бұйырды. Алдағы уақытта өзге де кәсіпорындар қолдау білдірсе, жергілікті билік те қол ұшын беруге дайын.
"Біз бұл бағдарламаны әрі қарай қолдауға әзірміз. Алайда, әр саланың өкілдері қаржыландыру жағын қолдаса дейміз. Сонда біз бұл жобаны басқа да өндіріс орындарындағы жұмысшыларына қолжетімді етер едік", дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.
Сонымен, жаңа жылдан бастау алатын бағдарламада бір адамға белгіленген ең жоғарғы несие мөлшері 20 миллион теңге. Өтініштерді қабылдау қаңтар айында басталмақ. Нәтижесінде, компания қызметкерлері наурыз айынан бастап қоныс тойын тойлайды деген жоспар бар.