Жамбыл облысы Шу қаласындағы ауруханаға қайтыс болған жүкті әйелдің туыстары шабуыл жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында марқұмның туған-туыстары аурухана ғимаратына баса көктеп кіріп, ауруханада жанжал шығарғаны белгілі болды. Оқиғаның бейнежазбасы желіге таралды. Кадрда олардың есіктердің әйнектерін ұрып, медициналық қызметкерлерге шабуыл жасағаны бейнеленген.
Полиция департаментіне Шудағы аудандық ауруханада болған жанжалға байланысты шағымдар түспеген. Құқық қорғау органы осы оқиға бойынша тергеу амалдарын бастады.
Айта кету керек, осыған дейін Шудағы ана мен бала өлімінің себебі анықталып, бас дәрігер қызметінен босатылғанын жазғанбыз. Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдің қайтыс болу дерегі бойынша тексеруді бастады. Шу аудандық ауруханасындағы оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.