Шулатқан той: Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шықты

2627

Бұл жағдай әлеуметтік желіде шу туғызды. 

 Шулатқан той: Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шықты Фото: коллаж inbusiness.kz

Танымал әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызы Сымбат тұрмысқа шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда неше жастан бастап некеге тұру рұқсат етілген? Олар некесін қандай мешітте қиды?

Абайқызы Сымбат инстаграм-парақшасында мешіттің алдында түскен сурет жариялап, "неке қиған күнімізден естелік" деп жазба қалдырды.

Еске салайық, Қазақстанда ерлі-зайыптылардың мемлекеттік АХАТ жүйесіне тіркелген куәлігі болса ғана мешіт имамдарының "шариғи неке" қиюға қақы бар.

Сымбат Абайқызының әпкесі Ерке әлеуметтік желіде тұрмысқа шығып жатқан сіңлісі 4 айдан кейін 17 жасқа толатынын айтты.

Қазақстанда неше жастан бастап некеге тұру рұқсат етілген?

ҚР неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекснің 10-бабы бойынша некеге тұруға 18 жастан бастап рұқсат етіледі.

Заңгер Думан Көпбаев заң бойынша екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік берілетінін ескертті.

"Некені тіркеу үшін ер адам мен әйел толық келісімге ие болып, неке жасына жетуі керек. Қазақстан Республикасында неке жасы 18 жасты құрайды. Неке және отбасы туралы Кодекснің 10-бабының, 2-тармағы бойынша, егер азаматтардың біреуі неке жасына жетпеген болса, онда тіркеуші орган бұл жасты: жүктілік немесе ортақ бала туған кезде екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін. Ол үшін некеге тұрған адамдар мен олардың ата-аналары немесе қамқоршылары неке жасын төмендету туралы өтініш беруі керек. Жасы 18 жасқа толмаған тұлға ата-анасының жазбаша келісімі, міндетті шарт болып табылады", - дейді заңгер.

Неке және отбасы туралы Кодекснің 11-бабы бойынша, мына адамдар арасында неке қиюға жол берілмейді:

  • бір жыныстағы адамдар;
  • біреуі басқа некеде тұрған адамдар;
  • жақын туыстары;
  • бала асырап алушылар мен асырап алынған балалар және олардың балалары;
  • заңды күшіне енген сот шешімі бойынша психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салдарынан кем дегенде біреуі әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға.

Қазақстанда ерте жастан некеге тұру қалай жазаланады?

Заңгер ерте жастан некеге отыру жағдайы орын алса, жасөспірімдердің өзін емес, ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.

"Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ата-аналар және оларды алмастыратын адамдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының, 3-бөлігі бойынша автоматты түрде жауапқа тартылады", - дейді ол.

Еске салайық, Ирак 9 жастан бастап некеге отыруды ұсынды. Ирак парламенті қыздардың тұрмысқа шығуының ең төменгі жасын бірден екі есеге төмендететін заң жобасын қарастырып жатыр. Иракта 1959 жылдан бастап қыздардың тұрмысқа шығуының ең төменгі жасы - 18 жас болатын.

Заң жобасын Ирак Әділет министрлігі қарады. Шенеуніктердің айтуынша, қыздар бастауыш сыныптан кейін, 9 жастан бастап тұрмысқа шығуы керек. Олардың айтуынша, бұл оларға "азғындық байланыстардан" аулақ болуға көмектеседі. Ал ұлдар 15 жасқа толғаннан кейін ғана үйлене алады.

Құқық қорғау ұйымдары мен Ирак әйелдері дабыл қағып жатыр.

Егер бұл заң жобасы қабылданса, Ирак әлемдік рекорд орнатады. Қазіргі таңда Камбоджада қыздарға тұрмысқа шығудың ең төменгі жасы - 13 жас деп белгіленген.

Заң жобасын жақтаушылар бұл тәжірибені исламдық дәстүрлермен сәйкестендіріп, Пайғамбар Мұхаммедтің 9 жасында Айша есімді қызбен некеге тұрғанын мысал ретінде келтіреді. Олар бұл заң жобасының исламдық дәстүрлерге сәйкес келетінін және осыны заңдастыруы керек екенін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу