Жыл сайын осы уақытта Шүлбі су қоймасынан су босатылып, Ертіс өзенінің жайылмасын су басады. Бұл шаруалар үшін аса маңызды. Себебі жайылманы су неғұрлым көп басса, соғұрлым мал азығы да бітік шығады. Алайда әу бастағы жоспар өзгеріп, су аз көлемде босатылатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, сәуір айында Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында су жіберіледі. Биыл бұл шаралар 10 сәуірде басталды. Бұған дейін Павлодар облысының әкімдігі соңғы 11 жылда алғаш рет ірі көлемде су күтілетінін хабарлаған еді. Бұл – шаруалардың басты қалауы. Себебі былтырғы қуаңшылықтан соң мал азығынан тарығып қалған шаруалар биыл жайылманы суға барынша толтыру керек деп пайымдайды. Соған сәйкес, су қоймаларынан барлығы 6,5 млрд текше метр су босатылып, ол жайылманың 90%-ын басуы тиіс еді. Сондықтан 19 гидробекетте тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бөгеттерді нығайтып, қажет болған жағдайда жаңаларын салу тапсырылған-ды.
Бірақ күні кеше белгілі болғандай, биыл Шүлбіден босатылатын су көлемі айтарлықтай азаяды. Яғни, жоспардағы секундына 3500 текше метрдің орнына секундына 3200 текше метр су босатылады. Мұндай шешімнің қабылдануын Павлодар облысының әкімдігі былай түсіндірді:
"Семей қаласының көпір құрылысы ауданында судың тұрып қалуына байланысты су деңгейінің шамадан жоғары көтерілуі байқалуда. Сондықтан Ертіс бассейндік инспекциясы Шүлбі су қоймасынан жіберілетін судың көлемін азайту туралы шешім қабылдады", - делінген ресми хабарламада.
Яғни, 24 сәуірге дейін су осынша көлемде жіберіледі. Бұл ретте былтыр жіберілген судың нақты максималды көлемі үш тәулік ішінде 2600-2800 м3/сек болғанын атап өткен жөн. Ал биыл Павлодар облысының аумағына табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың болжамды көлемі шамамен 6 шақырым текше метрді құрайды. Нәтижесінде жайылма алқабының кемінде 70-75%-ын су басуы тиіс. Бұл – өткен жылдан екі еседен көп көлем.