"Шүлдірлеп тұрған жараспайды": Ринат Зайытов вице-министрлерге шүйлікті

463

Парламенттің төменгі палатасында жаңа Салық кодексінің жобасы таныстырылды.

"Шүлдірлеп тұрған жараспайды": Ринат Зайытов вице-министрлерге шүйлікті Фото: el.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов шетелде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған деп мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сұрағымнан бұрын ескертуімді қабыл алыңыздар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында "Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді" деп анық айтқан. Бәлкім, Евгений Кочетовқа, Роман Васильевич Склярға, Ринат Рифхатұлы Зайытовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, әкесінің аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Басында екі сөйлем қазақша айтып, артында екі сөйлем қазақша айтып, өтіріп мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауларыңызды сұраймын. Енді сұрақтарыма көшейін. Дубайдың өзінде үш мыңға жуық пәтері бар қазақтар анықталды", - деді Мәжіліс депутаты.

Ринат Зайытов ондағы пәтер құнының ең кемі 500 млн теңгенің айналасында екенін баса айтты. 

"Шетелде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған, неге оларға салық салынбайды? Сонда біз олардың табысты жасыруға бөгет болатын едік. Зейнетақы табыс салығы деген бар. Оны жақсы білесіздер. Ол негізінде таза алдау деп ойлаймын. Өйткені зейнетақы табыс емес, жинақ. Жинаған ақшадан табысын ол әрбір айлығында төлеп тастаған. Сіздер бір жерден екі есе салық алып отырсыздар. Осыны шештіңіздер ме? Шешкен жоқсыздар ма?", - деп сұрады депутат.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов депутаттың ескертпесін түсінгенін айтты.

"Мен екі тілде бірдей еркін айта аламын. Бүгін Салық кодексі болғандықтан, кейбір арнайы терминдерді орысша айттым. Бірақ мен осы кодексті талай рет сіздердің алдарыңызда айтқан болатынмын. Басқа елдерден неге салық өндіріп алмайсыз деп сұрап жатырсыз. Біріншіден, мүліктің пайда болуы заңды ма, заңсыз ба дегенді қазір Бас прокуратура жанындағы комитет өзінің жұмысына пайдаланады деп ойлаймын. Бұл олигархтардың меншігі немесе заңсыз, қылмыстық жолмен табылған мүлік болуы мүмкін. Бұл құқық қорғау органдары аясында тексеріледі. Мүлік салығы бойынша айтсақ, қай жерде мүлік орналасқан – сол жерде салық өндіріп алады. Мысалы, бізде Дубайдың азаматы пәтер сатып алса, оның салығын мемлекеті сұрамайды ғой. Оны біз сұрап аламыз", - деді ведомство өкілі.

Сөзінше, салық тұрғылықты жері бойынша өндіріледі. 

"Егер ауылда үйіңіз болса, сол ауданның бюджетіне түсетін салық. Екіншіден, зейнетақы қорынан төленетін төлемдердің салықты ұстап қалу жағы жан-жақты қаралып, қазір осы жаңа Салық кодексі шеңберінде бұл сұрақ шешілді. Егер редакцияны қарасаңыз, ол сұрақ көрсетілген болатын", - деді Ержан Біржанов депутаттың сауалына берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу