Швеция үкіметі 2010 жылы күшін жойған әскери борышты өтеуді ішінара қалпына келтіруге шешім қабылдады. Бұл туралы Швеция қорғаныс министрлігінің өкілі Маринетт Радебоға сілтеме жасап, бейсенбі күні британдық Би-би-си телерадиокорпорациясы хабарлады.
Би-би-си мәліметі бойынша, Швецияның қарулы күштері 1 қаңтардан бастап 1999 жылы туған 4 мың жігіт мен қызды әскерге шақырады. Оларды тиісті физиологиялық және психологиялық тесттен өткеннен кейін 13 мың адамның ішінен таңдап алады.
Швеция қорғаныс министрлігінің өкілі әскерге шақыру тәжірибесіне қайтып оралуға "айналамыздағы жағдайдың өзгеруі, оның ішінде Ресейдің әскери белсенділігі түрткі" болды деді.
Ол Норвегияның әскери қызметінің үлгісін мысалға келтіріп, швед парламенті депутаттарының 70%-ы ел әскерін нығайтуды қолдайды деп атап кетті.
Әскерге шақырылатындар үшін әскери қызмет мерзімі 9 айдан 12 айға дейін болады, содан кейін әскерге шақырылғандар қарулы күштерде қызмет етуге қалады немесе резервке шығады.
Өткен жылдың қыркүйек айында Швеция Балтық теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан ірі Готланд аралындағы өзінің тұрақты әскери құрамын қайта қалыпқа келтірген болатын.