Швецияда АҚШ саясатындағы өзгерістерге байланысты америкалық тауарларға бойкот жариялау басталды. Осы мақсатта Facebook-те бірнеше топ құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Euronews-тің жазуынша, әлеуметтік желіде құрылған топтар АҚШ әкімшілігіне қысым көрсету үшін америкалық брендтердің тауарларын сатып алмауға шақырды.
Ақ үйдің Киевке көмек көрсетуін тоқтатуы, Еуропаға салық тарифтерін енгізуі – осы секілді саяси өзгерістерге наразылық ретінде тиісті қозғалыстар пайда болды. Бұл қозғалыстың мақсаты – АҚШ-тың қазіргі әкімшілігіне қысым жасау.
Швецияда Facebook-та "Boykot varer fra USA" және "Bojkotta varor från USA" атты топтар пайда болды. Олар аз уақыттың ішінде үлкен қолдау тауып, әрқайсысына 60 мыңнан астам қатысушы тіркелді. Бұл топтар Tesla, McDonald's, Coca-Cola, Nike және Levi's сияқты америкалық брендтерді сатып алудан бас тартуға, Netflix, Google, Airbnb қызметтерін пайдаланбауға шақырды.
"Мен АҚШ-тың сайлауында дауыс бере алмаймын және америкалық қалаларда митингтерге қатыса алмаймын. Алайда бір нәрсе істеуге тиіспін деп есептеймін", – деді топтың негізін қалаған Яннике Кохинор.
Топтың қатысушылары америкалық тауарлардың орнын алмастыратын баламалы заттар туралы пікірлерін жарыса жазып жатыр. Кейбірі тұтынушылық әдеттерді өзгерту оңай болмайтынын айтып түсіндіруде.
Яннике Кохинор Meta компаниясына тиесілі Facebook-те топ құрғаны үшін сынның астында қалған. Сөзінше, дәл қазір бұл желіге балама платформа елде жоқ.