Швед соты Қазақстанның Ұлттық банкіне қатысты шешімін өзгертті

1897

Стати ісінің жаңа қырлары ашылып жатыр.

Швед соты Қазақстанның Ұлттық банкіне қатысты шешімін өзгертті

Әділет министрлігі Стокгольмдегі Свеа апелляциялық сотының Қазақстанның Ұлттық Банкіне қатысты мәжбүрлеу шараларын орындау туралы шешімін жойғанын хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан тарабы талқылау барысында Молдава бизнесмендері сот төрелігін алдау арқылы  мәжбүрлеу шешіміне қол жеткізді деген уәжді алға тартқан көрінеді.

"Қазақстан Республикасы мен Ұлттық банк сот барысында алдау жолымен алынған төрелік шешімге негізделген мәжбүрлеу шараларына қарсылық көрсетті. Алаяқтық шешімді орындауға ұмтылатын тараптар – Молдова бизнесмендері Анатолий және Габриэль Стати, сондай-ақ, олардың Ascom Group S.A. (Молдова) және Terra Raf Trans Traiding Ltd (Гибралтар) компаниялары", – деп жазылған ресми мәліметте.

Министрлік таратқан мәліметке қарағанда, Швед апелляциялық сотының 17 маусымдағы бұл қаулы 2017-2019 жылдары Швед атқарушы органы мен бірінші инстанциядағы Швед соты шығарған әртүрлі шешімдердің күшін жоятын көрінеді.

"Бұл шешімнің арқасында 90 миллион АҚШ долларына жуық сомаға активтер босатылады. Сондай-айқ Стати Қазақстан Республикасы мен Қазақстан Ұлттық банкіне 4,3 миллион АҚШ долларына жуық (1,7 млрд теңгеден астам)  сот шығындарын өтеуге міндеттеледі. Свеа апелляциялық соты орталық банктің мүлкі әдеттегі халықаралық құқыққа сәйкес мәжбүрлеу шараларына қарсы иммунитетке ие екендігі туралы уәжді қабылдады", – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Министр Марат Бекетаев Швед сотының өз шешімін өзгертуін Статимен арадағы ұзаққа созылған дауда Қазақстанның ұтымды позицияға шыққанын көрсетеді деп бағалайды. 

"Свеа апелляциялық сотының шешімі Стати тарапынан жалғасып келе жатқан құқық қолдану әрекеттерге қарсы тұру үшін ұтымды жағдайда тұрғанын растайды. Сондай-ақ, онда халықаралық жария құқыққа сәйкес егеменді қорлардың активтерін қорғауды орталық банктер жүзеге асыратыны түсіндіріледі", – дейді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу