Ол жерден шикізат Польшаның PERN компаниясына тиесілі құбыр инфрақұрылымы арқылы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасымалданады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Десе де, Unimot компаниниясының айтуынша, бұл мұнай Оңтүстік Америка елдерінен сатып алынған. Демек, қазақстандық шикізат емес.
Бұған дейін PERN компаниясы Беларусь шекарасынан Шведт қаласына дейін Польша аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдап келді. Дегенімен, 2026 жылдың 1 мамырынан бастап "Транснефть" компаниясы "Достық" мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайдың осы бағыттағы транзитін тоқтатты. Ресми себеп ретінде техникалық мүмкіндіктің жоқтығы айтылған.
Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак БАҚ өкілдеріне берген пікірінде: "Егер Германия Ресей мұнайынан бас тартса, демек олардың жағдайы жақсы деген сөз" деп мәлімдеген еді.
Қазақстан Германияға "Достық" құбыры арқылы мұнай жеткізуді 2023 жылы бастаған болатын. Содан бері экспорт көлемі біртіндеп ұлғайып келді. 2024 жылы Германияға 1,5 миллион тонна мұнай жөнелтілсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,1 миллион тоннаға жетті.
Ал "2026 жылы жеткізілім көлемі 2,5 миллион тоннаға дейін өседі" деп күтілген еді. Бұл Шведт мұнай өңдеу зауытының шикізатқа деген сұранысының шамамен 30 пайызын қамтамасыз етуі тиіс болатын.