Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Швейцария Елшісі Дэвид Грихтингті еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
Қазақстандық дипломат Д. Грихтингке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хатты табыстап, Швейцария Елшісінің Қазақстанда болған жылдары ішінде екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі нәтижелі жұмысын атап өтті, деп хабарлайды Қазақстан СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын кеңейту бойынша соңғы екі жылда үш үкіметаралық келісімге қол қойылды және күшіне енді. Нәтижесінде дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері үшін визасыз режим енгізілді. Екіншіден, дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану мәселесі шешілді.
Одан бөлек, өткен жылдың желтоқсан айында швейцариялық "Stadler Rail" компаниясымен елімізде жолаушылар вагондарын жасау бойынша ірі ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды.
Сұхбат соңында Р. Василенко Д. Грихтингке алдағы қызметінде табыс тіледі, ал Д. Грихтинг өз кезегінде қазақстандық тарапқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үміт білдірді.