21-22 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына Швейцария Конфедерациясының Президенті – Қаржы министрі Ули Маурер ресми сапармен келеді. Швейцариялық делегацияның құрамында бизнес өкілдері де болады. Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында осылай хабарлады.
"22 қарашада мемлекеттер басшылары "Ақорда" резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланады",– делінген хабарламада.
Сапар аясында Ули Маурер Қазақстан Үкіметінің басшылығымен кездеспек, сондай-ақ, екі елдің іскерлік топтарының қатысуымен өтетін "дөңгелек үстелде" сөз сөйлейді.