Швейцария үкіметі Еуроодақтың 19-шы пакетіне сәйкес Ресейге қарсы санкцияларды күшейтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"25 сәуірден бастап Швейцарияда ресейлік сұйытылған табиғи газды сатып алуға және импорттауға толық тыйым салынады", – делінген үкімет таратқан хабарламада.
Қолданыстағы ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша осы жылдың соңына дейін өтпелі кезең көзделген. Еуропалық одаққа кірмейтін Швейцария Украинада соғысы басталғаннан бері Брюссельдің Ресейге қарсы бірқатар экономикалық санкцияларына қосылды.
"Бұл шара Ресейдің пайдалы қазбаны сатудан түскен кірісін азайтуды мақсат етеді. Себебі қаржының көп бөлігі Украинаға қарсы соғысқа кетіп жатыр", – деп түсіндірді Швейцария үкіметі.
Бұдан басқа Берн таяуда күшіне енуі тиіс қосымша шараларды да жариялады. Соның ішінде ресейлік азаматтар мен компанияларға кез келген криптовалюта қызметін көрсетуге тыйым салынады. Сондай-ақ, Швейцария федералдық кеңесі Еуроодақ елдерінде аккредиттелген ресейлік дипломаттарға Швейцарияға кіргенде және оның аумағынан транзитпен өткенде міндетті тіркеуді енгізеді.
Айта кету керек, бұған дейін Канада Украинаға көмекті арттырып, Ресейге жаңа санкция салғанын жазғанбыз. Оттава Киевке жан-жақты қолдау көрсетуге бейілді.