Швейцарияның оңтүстік-батысындағы Кран-Монтана тау шаңғысы курортындағы бардан өрт шықты. Оқиға салдарынан 40-қа жуық адам қаза тапты. Бұл туралы бейсенбі күні жергілікті полиция басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Вале кантоны полициясының басшысы Фредерик Гилердің сөзінше, 115 адамды күйік шалып, түрлі жарақат алған. Ол қаза тапқандардың, сондай-ақ қатты зардап шеккендердің жеке басын анықтау біраз уақытты алатынын айтты. Көз жұмғандардың арасында Швейцария азаматтарынан бөлек, шетелдік туристер де бар.
Өрт жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 1:30 шамасында "Le Constellation" атты бардан шыққан. Жарақат алған 60 адам Сьон қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Қалған зардап шеккендер Женева, Лозанна, Берн және Цюрих қалаларындағы ауруханаларға тасымалданған.
Швейцарияның бас прокуроры Беатрис Пиллу өрттің нақты себебі әзірге белгісіз екенін жеткізді. Құтқару операциясына 13 тікұшақ, 42 жедел жәрдем көлігі және 150 құтқарушы қатысқан.
Кран-Монтана – Швейцарияның оңтүстік-батысында орналасқан тау шаңғысы курорты.