Шығыс Қазақстанда "Анатау" тау курорты салынады

106

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов "Jibek Joly" арнасының "Уәде" бағдарламасында өңірде ірі туристік жоба жүзеге асатынын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.    

Шығыс Қазақстанда "Анатау" тау курорты салынады Фото: olympic.kz

– Швейцарияның Bartholet атты беделді туристік компаниясы Риддер мен Катонқарағай өңірінің мүмкіндіктерін зерттей келе, мұнда тау шаңғысы туризмін дамытуға қызығушылық білдіріп отыр. Компания мамандары қар сапасы мен климаттық жағдайларды саралап, Риддер мен Катонқарағайды шаңғы тебуге ең қолайлы аймақтардың бірі деп таныды. Тіпті бұл жердің әлеуеті бойынша әлемде екінші орында тұрғанын айтты. Олардың пікірінше, бұл өңір болашақта екінші Куршевельге айналуы мүмкін, – деді облыс әкімі.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Риддер қаласының маңында "Анатау" атты жаңа тау шаңғысы курортының жобасы әзірленіп жатыр.

– Курорт жыл он екі ай жұмыс істейтін болады. Қыста сегіз айға дейін шаңғы маусымы созылады, ал жаз айларында демалыс пен туризмнің өзге түрлері ұйымдастырылады. Егер жыл соңына дейін зерттеу мен жобалау құжаттарын аяқтасақ, келесі жазда құрылыс басталады. Инвестор ретінде Bartholet компаниясының өзі қатыспақ. Олар қазірдің өзінде Алматыда жобаларын іске асырып жатыр және Риддерді келесі даму нүктесі ретінде қарастырып отыр, – деді аймақ басшысы.

Әкімнің сөзінше, Риддер мен Катонқарағайдағы туризм алдағы екі-үш жылда жаңа деңгейге көтеріледі.

– Bartholet мамандары Катонқарағай өңірінің де әлеуетін жоғары бағалап отыр. Ондағы табиғи қар сапасы жасанды қар қолдануды қажет етпейді. Бұл – тау шаңғысы туризмін дамыту үшін үлкен артықшылық, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу