Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, Inoks Capital атты швейцариялық компания Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 100 млн доллар инвестиция салмақшы. Бүгін министр Сапархан Омаров сол инвесторлармен кездесті. Кездесуде швейцариялық компанияның бас директоры Набиль Марк Абдул-Массих қазақстандық шенеунікке Алматы облысында жүзеге асырып жатқан екі ірі инвестициялық жоба туралы баяндаған.
Бірінші жоба – "Қорғас-Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағындағы "Экструдталған жем-шөп зауытының" құрылысы. Инвестор нысандағы жұмыстардың 97%-ы атқарылғанын айтып, жақын арада жылына 60 мың тонна дайын өнім шығаратын бірегей өндіріс іске қосылатынын жеткізген.
"Жобаға 18 млн доллары көлемінде инвестиция жұмсалған. Пайдалануға берілгеннен кейін қазақстандық зауыт мал шаруашылығындағы өнімділіктің өсуіне пайдалы әсер ететін жоғары сұранысқа ие құрғақ түйіршіктелген жем шығара бастайды", - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Екінші жоба – 2018-2022 жылдарға арналған "1000 гектарға қарқынды бақша салу және жеміс-жидек өңдеу цехын" құру. Жобаның жалпы құны - 82 млн доллар.
"Жақын арада инвестор Алматы облысының Еңбекшіқазақ (518 га) және Ұйғыр аудандарында (200 га) жаңа бақтар салуды жоспарлап отыр. Набил Марк Абдул-Массихтің айтуынша, өткен жылы компания алма, шие және қара өрік көшеттерін сатып алуға тапсырыс берген, бірақ пандемияға байланысты оларды жеткізу 2021 жылдың наурызына ауыстырылған. Inoks Capital балғын және мұздатылған жемістерді, сондай-ақ жеміс пюресі мен шырындарын шығаруға ниетті. Бүгінде қайта өңдеуші кәсіпорындарға тоңазытқыш жабдықтары толығымен жеткізілген", - деп жазылған министрліктің мәліметінде.
Екі жобада ойдағыдай іске асса, Алматы облысының екі ауданында 250 тұрақты және 1,5 мың маусымдық жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Есжан Ботақара