Қонақүй иесі Хайнц Юлен ауылдың кіреберісіне жақын жерде биіктігі 260 метр болатын 62 қабатты шыны мұнара салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Lina Peak деп аталатын жоба тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Қазіргі таңда ауылда 6 мыңға жуық тұрғын тұрады.
Хайнц Юленнің сөзінше, бұл бастама туристерге емес, жергілікті тұрғындар мен қонақүй қызметкерлеріне бағытталған. Себебі жылына 1,5 миллион туристік түн тіркелетін курортта тұрғын үйді табу барған сайын қиын. Көптеген пәтерлер туристерге қысқа мерзімге жалға берілгендіктен, жергілікті халық пен қызметкерлер үшін баспана жетіспейді.
Жоба аясында биік ғимаратта 35 метрден 150 шаршы метрге дейінгі 550-ге жуық пәтер салу жоспарланған. Мұнараның төменгі 32 қабаты жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге арналмақ. Ал жоғарғы 30 қабатта Маттерхорн тауына көрінісі бар элиталық тұрғын үйлер орналасып, олар нарықтық бағамен сатылатын болады.
Юленнің айтуынша, ең қымбат лофт-пәтерлерден түскен қаражат жергілікті тұрғындар мен жұмысшыларға арналған баспананы қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғимаратта қоғамдық бассейн, балабақша ашу және тау шаңғысы трассаларына тікелей шығатын жол салу көзделген.
Жоба 850 миллион еуроға бағаланып отыр. Енді Юлен жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болуы тиіс. Егер 600 қол жиналса, бұл мәселе бойынша коммунада референдум өтеді.