Шыбын-шіркей шабуылы: Маса тасада қалған жоқ

1407

Билік қансорғыштарға қарсы шараларды дер кезінде бастағанымен, масалар тұрғындарды әлі де талап жатыр. 

Шыбын-шіркей шабуылы: Маса тасада қалған жоқ

Биыл Павлодар облысында қансорғыштарға қарсы күрес жылдағыдан ерте басталып, масаға қарсы қолданылатын препараттар мен солар арқылы өңделетін аумақ көлемі айтарлықтай көбейді. Тіпті, аудандарда алғаш рет ғылыми сүйемелдеу болды. Бірақ тұрғындардың бәрі бірдей бұл жұмыстардың игілігін көріп отырған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін үш жылға бір-ақ 1,5 млрд теңге бөлінген болатын. Осы уақыт аралығында өңірдегі қансорғыштарға қарсы күреске бір ғана мердігер жауапты болады. Жергілікті биліктің пайымынша, сол арқылы жұмыс тиімділігі артады. Әйтсе де, соңғы күндері кейбір тұрғындар тиімділігін емес, керісінше кері тұстарын байқай бастады.

Жылдағы әдет бойынша әлеуметтік желілердегі жергілікті парақшалар буып тұрған масалар түсірілген, маса шаққаннан кейін ісіп кеткен жаралар бейнеленген жазбаларға тола бастады. Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын ата-аналардың бірі балалары далада ойнап келген соң денелерінде масадан сау жер қалмағанын көрсетті. Бұл пікірді басқа аналар да қостай жөнелді. Көпшіліктің сөзінше, кешкі уақытта серуендеу мүмкін емес. Әсіресе, балалардың далаға шығуы қиын. Бірақ әлеуметтік желі қолданушыларының басқа бөлігі бұл оймен келісе қойған жоқ. Олар керісінше, кешкі уақытта ары кетсе 10-20 масаны көретінін жазды.

"Менің балам балабақшадан келгенде денесінде маса шаққан жерлер көп болды. Көзін шағып тастағаны соншалық, аша алмайды. Сонда балаларды күн ыстықта үйде қамап отыруымыз керек пе?", – деп ашынады Наталия Халилова есімді тұрғын.

Ауылдықтар "Қалалықтардың жағдайы бізге қарағанда анағұрлым жақсы" дегенді алға тартады.

"Бізде де балаларды далаға шығара алмай отырмыз. Шыбын-шіркейді улап жатырмыз дегенмен, оның нәтижесі көзге көрінбейді. Мамыр айы басталса, жылда қайталанатын жағдай. Әкімдіктердің жұмысы білінбейді", – дейді Май ауданының тұрғыны Әйгерім Қабдуллина.

Десе де, осыдан бірнеше күн бұрын дезинсекциялық шараларға жауапты облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы әуеден өңдеу жұмыстарының тиімділігі 90%-ды құрады деген ақпарат таратты.

"15 мамыр күні Ертіс өзені жағалауын әуеден өңдеу жұмыстары аяқталды. Әуеден өңдеу басталғалы 26 мың гектардан астам аумақ қамтылды. Тікұшақ 68 рет ұшты. Сонымен қатар 18 мамырдан бастап өзеннің 1,1 мың шақырымнан астам ағысын өңдеу басталды", – делінген хабарламада.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу