Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов трамвай паркі Өскемен әкімдігі тарапынан қаржыландырылатындығын айтты, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
"Ертіс" кәсіпкерлік ұйымы, "Өскемен көлік компаниясы" ЖШС және қалалық ТҮКШ бірігіп, жоспар құруда.
"Өскемен көлік компаниясын қалалық әкімдік қаржыландырады. Бұл көмек жаңа жылдан бастап беріледі", - деді облыстық әкімдіктің байланыс орталығынан тікелей эфирге шыққан Нұржан Жұмаділов.
Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін трамвай төңірегінде дау-дамай біраз өршіген еді. Жазда трамвай парктің шығынға батып, қызметкерлерге еңбекақыны әупірімдеп жүріп зорға төлеп жатқандығы да белгілі болған еді.
"Трамвай паркі түсірген қаражат қызметкерлерге әрең жетеді", – деген болатын сол кезде Өскемен көлік компаниясы директоры Владимир Панков.