Шығыс айналма жолы қашан салынады?

Бұл жоба мемлекеттік қазынаға айтарлықтай салмақ салайын деп тұр. 

Шығыс айналма жолы қашан салынады? Фото: pixabay.com

Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар облысының аумағында Шығыс айналма жолының құрылысын бастау мәселесі көтерілген еді. Тіпті, оның жобалық-сметалық құжаттамасы да әзірленді. Алайда бұл бағыттағы жұмыс әлі тұралап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгінде Павлодар арқылы бағыт алатын транзиттік көліктердің барлығы дерлік облыс орталығының ішімен өтеді. Басқасын былай қойғанда, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана арасындағы көліктердің дені облыс орталығын басып өтеді. Одан бөлек, Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнауыл қалаларына баратын автомобильдер бар. Олардың басым бөлігі - тауар тасымалдайтын жүк көліктері. Сондықтан қала ішінде жүріп-тұру оларға қолайсыздық тудырып жатады. Ірі жүк көліктерінің жиі қатынауына қала көшелерінің жолдары шыдас бере бермейтіні тағы бар. 

Сол себепті 2019 жылы Шығыс айналма жолының жобасы дайындала бастады. Әу бастағы жоспар бойынша, ол Кенжекөл ауылынан басталып, қаланың өндірістік аймағын айналып өтіп, Павлодар ауылынан тура шығуы керек еді. Яғни, транзиттік көліктер қалаға кірмей-ақ бағытын жалғастыра беруіне мүмкіндік жасалуы тиіс-тін. 

Тіпті, ол үшін саяжай аумағындағы 19 мың ағашты кесіп, 243 учаскені сүру қажеттілігі туды. Осы мақсатта жергілікті билік саяжайда тек жазда бау-бақша салмай, қысы-жазы осында тұратын тұрғындардың үйлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмысты бастап кетті. Оларға өтемақы ұсынып, учаскелердің біразын қайтарып үлгерді. Бастапқыда өздері үй салып, оған жарық пен суды тартып алған жұрт бұған наразылық танытты. Кейін кейбірі көніп, әкімдіктің өтемақысына келісіп, жерін босатып берді. 

Сөйтіп, 2020 жылы дайын болған жобаға сәйкес 2022 жылы мұнда жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын Шығыс айналма жолдың құрылысы басталуы керек болған. Ол үшін бюджеттен 22 млрд теңге қажет еді. Алайда қазынада мұндай қомақты сома болмағандықтан, жобаның басталар уақыты шегеріліп келді. Енді бағасы да қымбаттай түсті. 
Таяуда облысқа жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаев дәл қазір Шығыс айналма жолының құрылысын бастауға айтарлықтай жоғары сұраныс та, қаржылай мүмкіндік те жоқ екенін кесіп айтты. 

"2020 жылғы жоба қымбат болғаны рас. Бүгінде ол ескіріп те кетті. Жобалық-сметалық құжаттаманы қайта түзету керек. Осыдан үш жыл бұрын жобаның жалпы құны шамамен 50 млрд теңге болса, қазіргі бағаларды есепке алсақ, екі есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл – бюджетке үлкен салмақ", - деді министр. 

Бірақ аталмыш жобаны "шаң басып" қалмайтынын да алға тартты. Оған уақыты келгенде қайтып келеді. 

Ал әзірше ведомство Павлодар облысында өзге ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруға ден қойып отыр. Оның ішінде Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы бар. Осыдан 60 жыл бұрын салыған қазіргі көпір бірнеше жыл бұрын апаттық деп саналған-ды. Содан кейін жаңасының жобасы жасалды. Ол да қаржыландыруды біраз уақыт күтті.

Былтыр Президент өңірге келіп, жұртшылықпен жүздескен соң ғана бюджеттен ақша бөлу мәселесі оң шешілді. Сөйтіп, мердігер анықталып, құрылыс алдындағы дайындық жұмыстары басталды. Келесі жылдың мамыр айында ұзындығы 2,7 шақырым болатын көпірдің негізі қаланбақ. Оған 40 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Жоспар бойынша, құрылыс барысы екі жылға созылып, 2025 жылдың соңына қарай аяқталады. Содан соң ғана Шығыс айналма жолдың құрылысы қарастырылуы ықтимал. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу